Ақтаулық кәсіпкер 20-дан аса тұрғынды сан соқтырды

Арзан бағаға жиһаз жасауға тапсырыс алып, 20 миллион теңгені қолды қылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жәбірленушілердің айтуынша, алаяқ қажетті материалдарды алу үшін алдын ала төлем ретінде қаражатты толық талап еткен. Бірінші кездесуден кейін тапсырыс берушілерге мың түрлі сылтау айтыпты. Тіпті өзінің жеке кеңсесінде қабылдап, адамдарды сендірген. Ақыр аяғында ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Тұрғындар полицияға шағым түсірді. Кәсіпкер осыған дейін де алаяқтық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған көрінеді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Жадыра Өтенова, қала тұрғыны:

- «Инстаграмнан» жеңілдік болып жатыр дегесін жүгіріп келдік. Мен ас үй гарнитурына тапсырыс бергем. Дүкеннің адамы жоқ, қашып жүр. Біздің естуімізше, ол Түркияда жүр. Органға арыз жазғанбыз. Ол адамды әлі ұстамаған. Банк басын алып қашып отыр. Әріптестері бола тұра, жауап бермейді екен. Алынбаған затқа қалай несие төлеймін. Келісімшартқа отырдық, құжат жағынан дұрыс. 2 айдан асып кетті күтіп отқанымызға.

Айгерім Ибаттулаева, ПД Ішкі және сыртқы коммуникация бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

- Ақтау қалалық полиция басқармасына алаяқтық бойынша бірқатар арыз түсті. Жедел іздестіру шараларынан кейін күдіктінің жеке басын анықтады. Қазіргі уақытта осы азаматты ұстау шаралары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.