Ұлытаудағы өртеніп кеткен фермерлердің залалын бағалау жөнінде комиссия құрылды

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында дала өртеніп, 1 адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

200-ден астам қой қырылды. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек «Фейсбуктегі» парақшасында жариялады. Жангелді, Ақтас және Амангелді ауылдық округінде төтенше жағдай режимі жарияланды. Қазіргі уақытта облыс бойынша 17 табиғи өрт ошағы анықталды. Оның 10-ы сөндірілген. Оқиға орнында тәулік бойы 70 техника, 350 құтқарушы және еріктілер жұмыс істеп жатыр. Табиғи өрт ошақтарын сөндіруге «Қазавиақұтқару» мекемесінің тікұшағы да тартылды. Қазір Ұлытау ауданынан өзге Қарқаралы, Осакаров, Бұқар Жырау, Шет, Нұра аудандары мен Қаражал қаласының аумағындағы өрт ошақтары бақылауға алынды.

Бағдат Байжантаев, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары:

- Жағдай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауында және мониторингінде. Малы қырылған немесе жайылымдары өртеніп кеткен фермерлердің залалын бағалау жөнінде комиссия құрылды.

Нұрлан Бекбосынов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Қазір өрт болып жатқан жерге МИ-8 ұшағымен қосымша құрам жеткізілді. Олар да сол жердегі өрт сөндірушілерге көмектеседі. Қазір онда техника мен күштік құрам жеткілікті.