Алакөлде түрлі заң бұзушылыққа байланысты қоғамдық тәртіп күшейтілді

Шығыс Қазақстан облысындағы Алакөл аумағында 28 маусымнан бері түрлі заң бұзушылықтарға байланысты 178 хаттама толтырылды.

Ол жерде қазір 50 полиция қызметкері қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын сақтауға қосымша жұмылдырылған. Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, әсіресе скутерлер мен қайықтардың көл бетіндегі ретсіз қозғалысы демалушыларға қауіп төндіріп отыр. Мәселен, су көліктері жүргізушілерінің жұрт шомылып жүрген жерге кіріп кетуі жиі кездеседі. Олардың кейбірі туристерді ешбір қауіпсіздік кеудешесінсіз көлікке отырғызса, енді бірі мүлдем көлік тізгінін демалушыларға бере салып қарап тұрады. Полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен бірлесіп, осындай тәртіпсіздіктердің алдын алды. Осылайша, ереже бұзған 26 адамға хаттама толтырылып, 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Қолындағы малын қараусыз жібергені үшін 2 мыңнан астам шығыс қазақстандық азамат жауапкершілікке тартылды. Өйткені өлкеде мал ұрлығы тиылмай тұр. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көбінесе қараусыз жайылып жүрген мал ұры-қарының қолында кетіп жатыр. Осының алдын алу үшін еркін жайылымдағы мал иелері анықталуда. Бұл мал ұрлығының жолын кесу үшін жасалып жатқан шара дейді полиция өкілдері. Жалпы, биыл өңірде мал ұрлау дерегіне байланысты 49 тұрғын ұсталып, 6 қылмыстық топ әшкереленді.

Талдықорған-Өскемен автомагистралінің Қапалға қарай бұрылысында жүк көлігі аударылды. Оқиға жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақта болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаны көрген оқырмандар бұл бағытта жол белгілері дұрыс қойылмаған деген пікірде. Жүргізушінің жағдайы әзірге белгісіз.