Қызылорда облысы Жалағаш ауданында каналға суға батып кеткен 31 жастағы азаматтың денесі табылды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Оқиға кеше, 8 шілдеде сағат 12:30 шамасында болды. Жалағаш ауданына қарасты Аққыр ауылындағы оңтүстік коллектор каналында 1990 жылғы азамат рұқсат етілмеген жерде суға түскен.
«Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағынан 5 маман 1 техника және 1 жүзу қайығымен барды. Сол аумақта іздеу шаралары жүргізілді. Алғашқы күнгі іздеу нәтижесін берген жоқ. Жұмыстар бүгін де жалғасып, мәйіті сағат 7:00 шамасында суға түскен жерінен 200 метр қашықтықтан табылды», - деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің маманы Әлия Ережепова.