Ақмола облысында медицина қызметкері жалған вакциналау паспортын жасау дерегі бойынша күдікке ілінді

Ақмола облысында медицина қызметкері жалған вакциналау паспортын жасағаны үшін күдікке ілінді.

«2021 жылғы маусымда полиция бөлімшелерінің біріне медициналық мекеме басшысына қатысты осы мекеменің медицина қызметкері «Вакцинация» ақпараттық жүйесіне вакциналаудан өткені туралы жалған мәліметтер енгізгені туралы хабарлама келіп түсті», - деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері. 

Ведомство өкілдері бұл дерек бойынша соталды тергеу басталғанын хабарлады.  

«Іс бойынша қажетті тергеу және іс жүргізу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді», - деді полиция өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін елдің үш өңірінде вакциналау паспортын сатқан дәрігерлер ұсталған болатын. Ұстау операциясы Нұр-Сұлтан, Ақмола және Алматы облыстарында жүргізілген. 

Бұған дейін ІІМ өкілдері алғашқы жарты жыл ішінде ішкі істер органдарының өндірісінде вакцинация паспорттарын қолдан жасау бойынша төрт қылмыстық іс болғанын мәлімдеген. Алматыда екі жағдай, Алматы және Ақмола облыстарында бір-бірден анықталған. Олар бойынша соталды тергеу жалғасып жатыр. 

Tengrinews.kz