Өскеменде бірнеше автокөлік соқтығысты

«Приора» автокөлігінің жүргізушісі Өскеменде бірнеше автокөлікке соғылды.

Кейін белгілі болғанындай, ол жол жиегіне қойылған көліктерден қашамын деп қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан 4 автокөлік бүлініп, 2 адам дене жарақатын алды. Қазір осы жол-көлік оқиғасына байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БРАКОНЬЕРЛЕРДЕН 350 КЕЛІ БАЛЫҚ ТӘРКІЛЕНДІ

Түркістан облысының полицейлері браконьерлерден 350 келі балық пен 2 қайық және 100 метрлік «қытайдың ауларын» тәркіледі. Күдіктілердің Арыс пен Ордабасы ауданының тұрғындары екені анықталды. Олардан ешқайда шықпау туралы қолхат алынып, автокөліктері айып тұрағына қойылды. Ал тәркіленген балық Шардара ауданындағы балық шаруашылықтарының біріне тапсырылды. Қазір осы заңсыз балық аулау дерегіне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

ӨЗБЕКСТАННЫҢ 10 АЗАМАТЫ ЕЛ АУМАҒЫНАН ШЫҒАРЫЛДЫ

Алматылық полиция қызметкерлері қалада заңсыз жүрген Өзбекстанның 10 азаматын анықтады. Олар арнайы автобуспен көрші елдің шекарасына дейін жеткізілді. Көші-қон талабын орындамағандардың барлығына Отанына қайтару туралы куәлік берілді. Бұл жедел іс-шара өзге ел азаматтарының Қазақстанға келу тәртібін сақтамауы мен заңсыз жұмысқа жегудің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатыр.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЦЕЙЛЕР ҚЫРАҒЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Қарағандылық полицейлер өз өзіне қол салғысы келген азаматшаны құтқарып қалды. Олар қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде көпірдің шетінде тұрған әйел адамды байқап қалған. 27 жастағы қала тұрғынының алкогольді ішімдік ішкенін сезіп, көпірден секіре бергенінде қолынан ұстап қалған. Суицид жасағысы келген азаматша медицина мекемесіне тапсырылды.