Ақтөбеде 7 жасар баланы зорлау дерегі бойынша мектеп басшылығы жұмыстан шеттетілді

Ақтөбеде бірінші сынып оқушысын зорлау дерегіне қатысты қылмыстық іс бойынша мектеп басшылығы жұмыстан шеттетілді. Атап айтқанда, директор мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары тергеу жұмыстары аяқталғанша қызметінен босатылған. Қалалық білім беру бөлімінің өкілдері де жазасыз қалмауы мүмкін. Мектептің жоғары сыныбында оқитын 3 жасөспірім күдікке ілінді. Әзірге тиісті сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде.

Қызылорда қаласында 17 жастағы қыз жоғалып кетті. Жасөспірім бір апта бұрын үйден шығып кетіп, содан қайтып оралмаған. Жергілікті полиция қызметкерлері қыз баланы іздестіріп жатыр.

Азамат Оспанов, қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:

- Қызылорда қалалық полиция басқармасынан жеке құрам толықтай жұмылдырылып, іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ерекше белгілері: бойы 160-165 см, шашы қара.арық денелі. Үстінде қызыл футболка және белдемше.  

Жамбыл облысында көші-қон заңнамасын бұзған 35 шетелдік елден қуылды. Мұндай заң бұзушылықтар жедел алдын алу шарасы кезінде анықталды.  Бұған қоса 300-ден астам адам әкімшілік жауапқа тартылды. Олар рұқсат құжатынсыз құрылыс және кәсіпкерлік нысандарында жұмыс істеген. Көбісі Өзбекстан азаматы, ал қалғаны Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінен келген. 

Түркістан облысында ірі мөлшерде психотроптық шөп өсірді деген күдікпен ер адам қамауға алынды. Полицейлер жедел алдын алу шарасы барысында пәтерден ерекше иісі бар 255 түп өсімдік тауып алды. Сараптама нәтижесінде тауардың марихуана екені анықталды. Күдікті өзіне тиесілі жерде аталған шөпті қолдан еккен.  Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. 

Алматыда мотоциклмен соқтығысқан «Тойота» жүргізушісі кінәлі деп танылды. Оқиға Сүйінбай даңғылы мен Баянауыл көшесінің қиылысында болған еді. Темір тұлпар тізгіндеген азамат солға қарай бұрылған кезде қарама-қарсы келе жатқан мотоциклге жол бермеген. Сот шешімімен ол 6 ай мерзімге дейін көлік басқару құқығынан айырылды. Сондай-ақ 60 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалады.