Петропавлда интернет арқылы трактор сатып алмақ болған қария алданып қалды

Петропавлда 62 жастағы азамат интернет алаяқтардың арбауына түсті. Қария ғаламтор арқылы трактор сатып алмақшы болған. Ол үшін 750 мың теңгесін алдын ала аударып жіберген.

Техника уақытында жетпеген соң бірден полицияға арызданыпты. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Жыл басынан бері өңірде 335 алаяқтық дерегі тіркелді. Соның 103-і интернет саудасына байланысты.

Жәбірленуші:

- Сөйлескенімде трактор басқа қалада, 2-3 күнде жеткізіп береміз деп сендірді. Ақшамды бірден аударып жібердім. Бірақ техника әлі келген жоқ. Таныстарым алаяқтық екенін айтып, тәртіп сақшыларына жүгінуге кеңес берді.

Сәбит Бағытов, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

- Интернет алаяқтардың құрбанына айналмау үшін ешкімге банк картасының номерлерін, жеке мәліметтерді бермеу керек. Алдын ала төлем жасау да қателік. Сайттағы хабарландыруды егжей-тегжейлі тексеріп алған дұрыс. Алғалы жатқан тауардың бейнешолуын талап ету керек. Асығыстық танытқандар сан соғып жатыр. Айта кету қажет, көбіне әйелдер мен зейнет жасындағылар алдануда.