ШҚО-да үй өртінен бір адам көз жұмды

Өскемен қаласындағы «Металлург-2» саяжай қоғамында жер үй өртеніп, бір адам көз жұмды, деп хабарлады Semey News.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, «Металлург-2» саяжай қоғамында үй өртеніп жатқаны туралы хабар түскен. Шұғыл түрде оқиға орнына келген құтқарушыларға куәгерлер жанып жатқан үйде ер адам бар екенін жеткізген. Құтқарушылар терезе арқылы үйге кіріп, уланған және термиялық күйіктері бар ер адамның денесін алып шықты.

Үйдің және маңайындағы шаруашылық құрылыстардың ағаш бөліктері, жиһаздары, тұрмыстық техникалары өртенген. Өрт кезінде үйдің шаруашылық блогында 1 газ баллоны және 2 жанар-жағар май құйылған ыдыс жарылды, өрт одан ары күшейе түсті. Өртке қарсы арақашықтықтың болмауына және желдің қатты соғуына байланысты от жалыны көрші үйдің гаражы мен моншасына тарады.

Құтқарушылар 180 шаршы метр аумаққа шарпыған өртті сөндірді. Өрттің шығуына алдын ала болжам бойынша отты ұқыпсыз пайдалану себеп болған. Жанып жатқан үйден 1 газ баллоны шығарылды.