Алматыда КамАЗ мопед мінген жігітті қағып, мерт қылды

Алматыда КамАЗ мопед айдаған адамды қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 14 шілде күні сағат 17:00 шамасында Алатау ауданында болған. 60 жастағы КамАЗ көлігінің жүргізушісі Райымбек даңғылымен батыс бағытта келе жатып, сол бағытта жүріп келе жатқан мопедпен соқтығысты.

«Апат салдарынан мопед жүргізушісі А. есімді азамат алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды», – дейді Алматы қаласы ІІД тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Шәріпов.

Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлімі бойынша тіркелді.

Тергеу басталды.