ҚТЖ филиалдарының бірінің директоры ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «ҚТЖ» «ҰК» АҚ – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының Жол және құрылыстар департаментінің директоры ұсталғанын хабарлады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп жүргізілген іс - шаралардың нәтижелері бойынша «ҚТЖ» «ҰК» АҚ – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының Жол және құрылыстар департаментінің директорын ұстады. Ол ұзақ уақыт бойы жүйелі негізде қызметі бойынша жалпы қамқорлығы үшін аумақтық бөлімшелердің басшыларынан ақшалай қаражат алған», – делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Агенттік мәліметінше, барлығы 5 млн теңгеден астам қаражат алынған.

«Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Кінәлілік туралы түпкілікті шешімді сот анықтайды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», – деп хабарлайды ұйым.