Алматы облысында сел жүріп, лай көшкіні болды

Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Көксу ауылдық округінің аумағында сел жүрді.

Салдарынан Көксу шатқалында лай көшкіні болып, тау бөктеріндегі №1 Көксу орманшылығына баратын жолды жауып қалды. Лай басқан жол бөлігінің ұзындығы – 500 метр.

«Қазір жаңбыр басылып, сел толастады. Жол тазартылды. Жапа шегіп, құрбан болғандар мен бүлінген үйлер жоқ. Сол себепті 101, 112 нөмірлеріне ешқандай да хабарлама түспеді»,– дейді мамандар.

Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті 15-17 шілде аралығында таулы өңірлерде нөсер жауын болатынын, өзен суы көтеріліп, тағы сел жүруі мүмкін екенін ескертеді.