Петропавлда жоғалып кеткен апалы-сіңлілі қыздар табылды

Солтүстік Қазақстан облысында жоғалып кеткен апалы-сіңлілі жасөспірім қыздар аман табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

15 шілде түнгі 23:50 кезінде 102 қызметіне қоңырау түсіп, 14 және 16 жастағы екі қыздың үйден кетіп қалғаны хабарланған.

Полиция қызметкерлері қыздардың Қызылжар ауданының Затон ауылында болғанын анықтады. Апалы-сіңлілі қыздарды іздеуге криминалды полиция, ювеналды полиция, патруль полициясы секілді бүкіл қызметтер күш салды. Сонымен қатар волонтерлер мен қыздар оқитын мектептің әлеуметтік педагогтері де көмекке келді. Кейін анықталғандай, 16 жастағы үлкен қыз бұған дейін де бірнеше мәрте үйінен кеткен. Қазіргі таңда олардың Алтынсарин көшесіндегі бір пәтерде екені анықталып отыр. Қыздар бір досының үйінде болған.

«Жақындары іздеу салатын жасөспірімдер көп жағдайда ересектердің айтқанын тыңдамайды, оларға бағынбай, үйден шығып кетеді. Мұндай жауапсыздық полицейлердің жұмысын қиындатып жібереді. Көбінде балалар жай ғана достарымен көңіл көтеріп жүреді, сөйте тұрып ата-анасына қайда екенін ескерте салуға мойны жар бермейді», - дейді Петропавл ювеналды полициясының аға инспекторы Бекзат Чистобаев. Жыл басынан бері полицейлер хабар-ошарсыз кеткен 67 баланы іздеп тапқан. Олар көп жағдайда бір тәуліктің ішінде табылады.