424,60 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Батыс Қазақстанда 20 адам суға батып кетті

  • 342
  • UPD: 15:13, 18.07.2021

Батыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғалы бері 20 адам суға батып кетті.

Олардың арасында балалар да бар. Қайғылы жағдайлардың көбі шомылуға рұқсат етілмеген аумақтарда болады. Құтқарушылар профилактикалық шараларды жүргізіп жатыр. Алайда демалушылар ескертуді елей қоймайды. Аймақта су айдындары жетерлік. Орал қаласының өзінде Жайық, Шаған және Деркөл өзендері тоғысады. Тұрғындардың көбі шомылу үшін арнайы демалыс орындарына емес, үйге жақын маңдағы жағажайға барады. Қауіпті аумақтарда ескерту белгілері орнатылғанымен, оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Оның үстіне демалушылар арасында ересектерден гөрі, балалар көп екенін байқадық.

– Балаларымызбен демалуға келіп отырмыз. Соларды қарап отырамыз. Ортасында үлкендері де бар. Балаларымыз үшін қарап отырамыз ғой енді.

– Екінші рет келіп тұрмын. Мына екі немеремді алып келдім. Қауіпті емес пе? Жоқ, мына жер таяз ғой шеті. Әрі қарай бармайды да.

Рейд барысында мамандар тұрғындарға жадынамалар таратып, ескерту жасады. Биыл өңірде 20 адам суға батып кетті. Оның 9-ы жасөспірім. Жағажайда балалар ата-аналардың қарауынсыз қалып қойып жатады. Ал ересектердің біразы алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде шомылады. Осындай қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан қайғылы жағдайлар тіркеліп жатыр.

Райымбек Шамаков, қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс тобының офицері:

– Кеше ғана Стелла ауданында (Орал қаласында) ересек адам суға батқан болатын. Әзірге оның аты-жөні, жеке мәліметтері анықтап жатыр. Экспертизаға жіберді. Рұқсат етілмеген жерлерге түскен және қоғамдық орындарда ішімдікті пайдаланғандарға әкімшілік хаттамалар толтырылған болатын. Қазіргі таңда 60 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.

Облыстағы 200-ге жуық су айдынының небәрі 13 аумағында ғана шомылуға рұқсат берілген. Яғни адам көп, ақылы жағажай аз. Жергілікті атқарушы органдар жағалауларды абаттандыру жұмысын кәсіпкерлерге ұсынды. Алайда маусымдық бизнеске қомақты қаржы құюға қызығушылық жоқ көрінеді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы