СҚО-да бір жасар сәби коронавирустан көз жұмды

Коронавирус балаларды да айналдырып тұр. Солтүстік Қазақстан облысында 1 жастағы бала коронавирустан қайтыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақ халаттылар сәбидің 12 шілде күні ауруханаға ауыр хәлде түскенін айтады. Бірден ПТР-тест алынып, одан қауіпті дерт анықталған. Науқастың жағдайы ауырлай берген соң дәрігерлер оны жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Дегенмен бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршін сол күйі есін жимай жан тәсілім етті. Жалпы қазір облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекциялық стационарында COVID-19 жұқтырған 21 бала ем қабылдап жатыр. Оның тең жартысы екі жасқа дейінгі бала.

Нұрлан Жақыпов, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары:

- Баланы дұрыс емдеу үшін біздің мамандар Нұр-Сұлтан қаласындағы ең мықты ауруханалардың профессорларынан кеңес алып отырды. Сәби интенсивті терапия қабылды. Бірақ уақыт өткен сайын оның жағдайы ауырлай берді. Біз қолдан келген көмектің бәрін жасадық.