Павлодарда Шешен Республикасы іздестіріп жатқан қылмыскер қолға түсті

Павлодарда Шешен Республикасы іздестіріп жатқан қылмыскер қолға түсті.

Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 264-бабы бойынша іздеу жарияланған ер адамды Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері ұстады, деп  хабарлады Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті қылмысқа қарсы күресті күшейту, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 19-23 шілде аралығында өңірде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел алдын алу шарасы өткізіліп жатқанын еске салды.

«Сондай-ақ 20 шілдеде Екібастұз қаласындағы Әуезов көшесінде патрульдеу кезінде полицейлер пышақ алып жүрген 54 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Іс-шараны өткізген бірнеше күн ішінде полиция қызметкерлері бұрын жасалған 117 қылмысты ашып, іздеу жарияланған 6 адамды ұстады», - деді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжин.

Сонымен қатар 1600-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 23-і мас күйінде көлік құралын басқарған, 119-ы ұсақ бұзақылық фактісі, 266 алкогольдік ішімдіктер ішу, 340 факті тіркеусіз немесе құжаттарсыз тұруға қатысты, 105 жүргізуші белгіленген қозғалыс жылдамдығын асырған.