Ұялы телефон ұрлығы: елордада сериялық ұры ұсталды

Ағымдағы жылдың 19 шілдесінен бастап елорда аумағында көшелер мен қоғамдық орындарда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және ашу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде.

Жедел алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері ұялы телефон ұрлады деген күдікпен 46 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті әйелімен бірге Республика даңғылы бойындағы дүкенде сатушының көңілін аулап, «Мейзу» маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткен. Кейін ұрланған затты көшедегі өтіп бара жатқан адамдарға сатып үлгерген.

Сонымен қатар күдікті әйелімен бірге азық-түлік базарында 15 жастағы қыздан Samsung A-51 ұялы телефонын ұрлаған. Телефонды полицейлер тәркілеп кәмелетке толмаған қызға қайтарып берген.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталған азаматтың қала аумағында осыған ұқсас бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

«Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасы өткізілген үш күнде елорда аумағында 48 қылмыс тіркелді, оның 33-і ашылды. Бұрын жасалған 61 қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 11 қылмыскер ұсталды. Ішкі істер органдарында есепте тұрған 1,6 мыңға жуық азаматтар тексеріліп олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Іс-шара басталғаннан бері 2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 216 ұсақ бұзақылық, 230-ға жуық тыныштықты бұзу, 353 алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу фактілері анықталды. Түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз қоғамдық орындарда болғаны үшін 100-ге жуық кәмелетке толмаған бала ұсталды