Ақмола облысында ауылдасын өлтірген күдікті қолға түсті 

Ақмола облысында ауылдасын пышақтап өлтірген ер адам ұсталды.

Жарқайың ауданының полиция бөліміне 58 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, үйінде 45 жастағы досы пышақ жарақатын алғанын айтқан. Алайда жедел медициналық жәрдем келгенге дейін ер адам оқиға орнында көз жұмды. Бірден іске кіріскен тәртіп сақшылары сол күні өтініш берушінің үйіне екі ауылдасы қонаққа келгенін анықтады. Біраз отырғаннан кейін үй иесі ұйықтауға кеткен. Оянған кезде марқұмның денесін көріп, полицияға хабар берген. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, зардап шеккен адамның өлімі жедел қан жоғалту, кеуде қуысының зақымдалуымен байланысты болды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Оның 52 жастағы Арқалық қаласының тумасы екені анықталды. Қазір ол уақытша ұстау абықтысында отыр.

ПЕТРОПАВЛДА КӨЛІК ТОНАҒАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ  

Петропавлда бөтеннің көлігін айдап әкетіп, магнитофонын ұрлаған күдікті ұсталды. Қалалық полиция басқармасына көлігін белгісіз тұлғаның айдап әкеткені туралы жергілікті тұрғын арызданған. Зардап шегушінің айтуынша, үйінің ауласынан 1994 жылы шығарылған «Nissan Primera» көлігі жоғалған. Шығын көлемі 500 мың теңге. Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары жоғалған көлікті қаладағы Интернациональная көшесінің бойынан тапты. Алайда көліктің ішінде магнитофоны болмай шықты. Күдіктінің бұрын сотталған 36 жастағы қала тұрғыны анықталды.

Айта кетейік, баукеспе ұрының бұдан басқа да осындай екі ұрлыққа қатысы бары белгілі болды. Жоғалған заттардың бір бөлігі алыпсатарлардан кері қайтарылып алынды. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Үмітбек Фархадов, қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің аға тергеушісі:

– Аталған факт бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 188-ші бабының 1 бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Ұрланған автокөлік иесіне қайтарылды.

ПАВЛОДАРДА ЗЕЙНЕТКЕРДІ КӨЛІК ҚАҒЫП КЕТТІ 

Павлодарда көлік жүргізушісі артқа қарай жүремін деп, 71 жастағы зейнеткерді қағып кетті. Оқиға қаладағы көлік тұрақтарының бірінде болған. Алайда оқыс оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Күдікті тоқтап, зейнеткерге көмектесудің орнына із жасырған. Зардап шегуші дереу ауруханаға жеткізілді. Абырой болғанда жарақат алмаған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ШҚО-ДА МАС ЖҮРГІЗУШІ ҰСТАЛДЫ 

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында ащы суға сылқия тойып алып, көлік тізгіндеген жүргізуші ұсталды. Тәртіп сақшылары күдіктіні тоқтатқанға дейін ол қаланы асықпай аралап жүрген. Тексеру барысында көлік басқару куәлігінен бұрын айырылғаны анықталды. Полициейлер жол ережесін бұзған күдіктіні медициналық тексеруден өткізді. Нәтижесінде оның спирттік ішіндікті шамадан тыс пайдаланғаны белгілі болды. Енді оны қылмыстық кодекс бойынша қатаң жаза күтіп тұр.