Жезқазғанда жүргізуші кейуананы қағып кетті

Жезқазғанда көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды Хабар 24 Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Видеода Nissan Patrol жүргізушісі 67 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткені көрсетілген. Әйел адам жолдан өтіп бара жатқанында жаяу жүргіншілер жүретін жолдың ортасында келе жатқан. Жәбірленуші бірнеше метр жерге ішімен құлап түскен. Сонымен қатар, видеода әйел адам құлап түскеннен кейін басын көтеріп, автокөлікке қарағаны көрсетілген. 

Желіде тараған видео қолданушылардың ашуына тиді. Желі қолданушылары жүргізушінің қалайша жаяу жүргіншіні байқамай қалғанына ашуланған. Сондай-ақ көбі көшеде кетіп бара жатқан адамдардың ешқандай реакция білдірмегенін атап өткен. 

Видеоға қатысты Қарағанды облысының Полиция департаментінің өкілдері түсінік берді. Ведомство өкілдері оқиға 27 шілдеде Жезқазғандағы Сейфуллин көшесінде болғанын айтады. 

«Nissan Patrol маркалы көлігін 50 жастағы жүргізуші тізгіндеген. Алдын ала мәлімет бойынша, Сейфуллин көшесімен келе жатып 67 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Салдарынан түрлі дене жарақатын алған әйел адам ауруханаға жеткізілді. Бұл дерек тіркеліп, қажет сараптама тағайындалды. Соның нәтижесі боынша процессулдық шешім қабылданады», – деді ПД өкілдері.