Ақтөбеде Өзбекстан азаматтары мінген көлік аударылып қалды

Ақтөбеде жеңіл көлік аударылып, адамдардың бәрі ауруханаға түсті, деп хабарлайды Хабар 24 ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылы маңында «Toyota Previa» автокөлігі аударылды.

Көлік «Самара-Шымкент» тасжолының Ырғыз ауданынан Қарабұтақ ауылы бағытында қозғалған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүргізуші рулге ие бола алмай, оң жолдың жағына аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлік жүргізушісі мен сегіз жолаушы алған дене жарақатынан Әйтеке би ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.

«Жарақат алған жолаушылардың бәрі - Өзбекстан Республикасының азаматы. Белгілі болғандай, олар Қазақстан Республикасының аумағына Түркістан облысы Сарыағаш қаласының «Жібек Жолы» бақылау-өткізу пункті арқылы өтіп, Атырау қаласына жұмысқа бара жатқан. Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Айтып өтейік, облыста шілде айында 32 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 34 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.