Жезқазған – Петропавл жолында жедел жәрдем көлігі аударылып қалды

Солтүстік Қазақстан облысы Жезқазған – Петропавл автожолында бір күнде екі жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Біреуінде жедел жәрдем көлігі аударылып қалды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Қызылжар аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, 29 шілде күні сағат 12:00 шамасында Жезқазған – Петропавл автожолының Бескөл ауылы маңында жол-көлік оқиғасы тіркелді. «Nissan Cefiro» көлігінің жүргізушісі, Бескөл ауылының 1996 жылы туған тұрғыны алдындағы көлікті басып озбақ болған. Алайда қауіпсіздікке көз жеткізбей маневр жасап, «ГАЗель» көлігімен соқтығысты. Жүк көлігін Петропавлдың 45 жастағы тұрғыны басқарған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан екі көліктің де жолаушылары жарақат алды. Олар аудандық ауруханаға жеткізілді.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта процессуалды шешім шығару үшін материал жиналып жатыр.

Ал екінші жол-көлік оқиғасында жеңіл көлік пен жедел жәрдем машинасы соқтығысты. Оқиға түс кезінде болған. Жедел жәрдем көлігі аударылып қалды. Екінші машина да қатты зақымданды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.