Атырауда зейнеткерді тонаған күдікті ұсталды

Атыраулық азамат зейнеткерге шабуыл жасап, тонап кеткен.

Оның әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Күдікті егде жастағы адамды тұншықтырып, қалталарын ақтарған. Ұялы телефонды қолды қылған соң, ізін суытқан. Бірақ алысқа қаша алмады. Ол қамауға алынды. 

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҮЙ ТОНАҒАН ҚАРАҚШЫ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Алматы облысында үй тонаған қарақшы ұсталды. Оның қолында кілттің түр-түрі болған. Осы құралдардың көмегімен пәтерлерге кіріп, үптеп кеткен. Күдікті кезекті ұрлығынан соң тәртіп сақшыларына ұсталып қалды. Ол түнгі уақытта Іле ауданындағы үйлердің біріне кіріп, зергерлік бұйымдарды қолды қылған. Үй тонаған қарақшы 30 жастағы алматылық кәсіби ын болып шықты. Қазіргі уақытта оның өзге де қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталып жатыр.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА10 СИЫРДЫ ҰРЛАМАҚ БОЛДЫ

Жамбыл облысының екі тұрғыны 10 сиырды айдап кеткен. Бірақ сатып үлгермеді. Малды тиеу барысында күдіктілерді тәртіп сақшылары ұстады. Оңай олжаға кенелгісі келгендер 28-29 жастағы жігіттер болып шықты. Екеуі де Шу ауданының тұрғындары. Айта кетейік, облыста соңғы айларда мал ұрлығымен айналысқан 7 қылмыстық топ қолға түсті.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КАРАНТИН ЕРЕЖЕЛЕРІН БҰЗУ ДЕРЕКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында бес бірдей той тоқтатылды. Карантин ережелерін бұзғандардың әрекетін мониторингтік топ әшкереледі. Тұрғындардың бірі тойды алысқа бармай-ақ, өз ауласында ұйымдастырған. Осындай отбасылық мерекелерге шамамен 300-ге жуық адам жиналған. Деректер бойынша әкімшілік хаттамалар тортырылды. Ал көпшілік шараларды өткізуге рұқсат берген мейрамхана иелеріне айыппұл салынды.