Шығыс Қазақстан облысында 3 адам суға кетті

Шығыс Қазақстан облысында 3 адам суға кетті. Барлығы да рұқсат етілмеген жерде шомылған. Қайғылы оқиғаның бірі Семей қаласының маңында болған. Демалуға келген 22 жастағы жергілікті тұрғын жағадан алысқа жүзіп кетіп, кейін қайта алмай қалған. Құтқарушылар оның мәйітін 3 метр тереңнен тауып алды. Ал 14 жастағы қыз «Бобровка» саяжайы маңында суға кеткен. Су жағасына тынығуға келген отбасы марқұмның қалай батып кеткендігін байқамай да қалыпты. Тағы бір қайғылы оқиға Өскемен қаласы маңында тіркеліп отыр. 20 жасар бозбала саяжай маңындағы арнайы жасақталмаған орында суға кетіп көз жұмды.

Семей-Көкентау жолында «Камаз-Шансиман» автокөлігі өртенді

Семей-Көкентау бағытындағы тас жолы бойында «Камаз-Шансиман» автокөлігі отқа оранды. Жалын қозғалтқыш тұсынан басталып, дөңгелектері мен жүргізуші кабинасына да көшкен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер төтенше жағдайдың қауіпсіздік ережелеріне атүсті қарағаннан болуы мүмкін деп топшылап отыр. Мұндай дерек Күршім ауылында да орын алды. Бұл жолы «Уаз» автокөлігі өртенген. Аптап ыстықтың салдарынан далада да өрт өршіп тұр. Шығыс қазақстандық құтқырушылар күніне 15 рет жалын ошағын сөндіруге шығады. Соңғы тәулікте Бесқарағай, Абай, Үржар, Аягөз бен Көкпекті аудандарында от шығып, тілсіз жау 300 гектар жерді шарпыған.

Павлодар облысында 22 жастағы жігіт суға кетті

Павлодар облысында құтқарушылар Усолка өзенінен 22 жастағы тұрғынның денесін алып шықты. Ол рұқсат етілмеген жерде шомылған. Тағы бір қайғылы оқиға Ақсу селолық округінде болды. Ата-анасының қарауынсыз қалған бір жасар бөбек ыдыстағы суға құлап, тұншығып қалған. 

Жанна Белялова, облыстық ПД Баспасөз хатшысы:

- Шекарашы ауылындағы үйлердің бірінде 2020 жылы дүниеге келген бала тұншығып қалған. Ол ішінде су толтырылған 10 литрлік ыдысқа құлап, қайтып шыға алмады.

Қостанайда жалған вакцина паспортын сатқандар ұсталды

Екпе салдырғандығы туралы жалған құжат саудалағандар ұсталды. Қостанай қаласының 27 жастағы екі тұрғыны әлеуметтік желіде қажетті анықтама әзірлейміз деп жарнама жасаған. Екпеден бас тартып, жалған құжат аламын деушілер де көп ұзамай табылыпты. Қаражатын алдын ала екінші деңгейлі банктердің біріне аударған жәбірленушілер жер сипап қалған. Шамамен 300 мың теңгені жымқырған күдіктіктілер ешқандай құжат бермеген. Қазір полицейлер бұл дерек бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, заңсыз жолмен ресми анықтама алмақ болған тұлғаларды да анықтауға кірісті.