Петропавлда сәуір айында жоғалған 22 жастағы бойжеткеннің мәйіті табылды

Солтүстік Қазақстан облысында сәуір айында жоғалған 22 жастағы бойжеткен өлі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 тамыз күні сағат 19:00 шамасында «102» пультіне өлген әйел адамның денесі табылғандығы жөнінде хабарлама түседі.

Мүрде Петропавлдағы «Речпорт» ауданында орналасқан тазарту құрылыстарынан табылған. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу қызметі шығып, тиісті шараларды атқарды. Табылған мүрде сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оның қорытындысы бір айдан кейін белгілі болмақ. Алдын ала болжам бойынша бұл сәуір айында жоғалған бойжеткеннің мәйіті. Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тергеу жүргізіліп жатыр.