Ақтөбе облысында жеткіншектер пышақтасқан 

Ақтөбе облысының Ембі қаласы ауруханасына пышақталған жас жеткіншек жеткізілді.

16 жастағы жаралы азаматты медициналық мекеме алдына белгісіз біреулер тастап кеткен. Дереу іздеу шарасына кіріскен полицейлер күдікті ретінде жәбірленушінің құрдасын ұстаған. Тәртіп сақшылары екеуара кикілжің болып, соңғысы пышақ ала жүгіргендігі анықтады. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жәбірленуші дәрігерлердің бақылауында.

КӨЛІКТЕ ҚЫСЫЛЫП ҚАЛҒАН ЖҮРГІЗУШІ ҚҰТҚАРЫЛДЫ 

Семей қаласының құтқарушылары көлік ішінде қысылып қалған азаматты алып шықты. Оқиға Селевин-Титов тұйық көшесінде орын алған. ВАЗ 2109 және Камаз жүк көліктері соқтығысып, жеңіл автомобиль жүргізушісі кабинаның ішінде қалып қойған. Дереу жеткен құтқарушылар гидравликалық құралдың көмегімен темірді қозғап, ер адамның аяғын босатты. Одан әрі медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем дәрігерлеріне табысталды.

АЛМАТЫДА ҚОЙМА ӨРТЕНДІ 

Алматыда ірі өрт оқиғасы орын алды. Будақтаған қою түтін шаһардың барлық ауданынан көзге шалынған. Аса қауіпті санаттағы төтенше жағдай Алатау ауданында орналасқан қоймалардың бірінде орын алған. Жалын мың шаршы метр жерге жетіп, көршілес орналасқан ғимараттарға көшу қауіпі туындады. Өртті сөндіруге шатырдың екі қабатты болғандығы кедергі болды. Сондықтан құтқарушылар арнайы құрал-саймандармен төбесін ашуға тура келген. Төтенше жағдайда зардап шегіп, қаза болғандар жоқ. Қойманың ішіндегі тауарда өз орнында.

ШҚО: 18 ЖАСТАҒЫ БОЗБАЛА СУҒА КЕТТІ 

Өскеменде 18 жастағы бозбала суға кетіп, қаза болы. Үш күн бұрын ғайып болған жас жігіттің киімін тұрғындар Үлбі өзенінің жағасынан тауып алған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сәйкес марқұм үйінен 1-тамыз күні шығып кеткен. Артынша оның заттары мен ұялы телефоны жағалаудан табылған. Үш күн бойы іздеген жақындары нәтиже болмағандықтан құтқарушыларға хабарласады. Мамандар марқұмның денесін Үлбі өзенінен алып шықты.