Жезқазғанда үй жануарын азаптауға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Жезқазған қаласының тұрғыны мысықты велосипедке байлап алып сүйреткен.

Оның бұл әрекеті желіде қызу талқыланып жатыр. Адам шошырлық көрініс көліктің бейнетіркегішіне жазылып қалған. Ал 51 жастағы велосипедшінің өзі ауласынан тауып алған өлексені қаланың сыртына апарып көмбек болған. Айта кету керек, жыл басынан бері өңірде жануарларды қорлауға байланысты 9 қылмыстық іс қозғалған.

Жансая Жүнісова, Қарағанды облысы ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасы басшысының м.а:

– ҚР Қылмыстық Кодексінің 316 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол жануарларға қатыгездік таныту болып табылады. Барлық сараптамалар тағайындалды. Соған сәйкес процессуалдық шешім қабылданып, мамандардан  толық жауап беріледі.