Арыста сары фосфор тиелген вагондар өртеніп жатыр

Түркістан облысы Арыс қаласының теміржол вокзалында металл контейнерге тиелген сары фосфор жанып жатыр. Бұл туралы өңірдің Төтенше жағдайлар департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды Хабар 24 ҚазАқпарат.

 Желіде оқиғаның видеосы тарады.

«6 тамыз күні сағат 16:25-те Арыс қаласы, «Арыс» теміржол вокзалы, жүк пойызының (деректер қарастырылуда) №54755392 металл контейнерінде өрт шықты (сары фосфор).

«ҚТЖ» АҚ күштерімен вагон пойыздан ажыратылды және шламға арналған 30-шы жолға қойылды (жою тұйығы). Оқиға басқа пойыздардың қозғалысына әсер еткен жоқ», - делінген хабарламада.

Мәліметке сәйкес, өртті сөндіру бойынша штаб ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта төтенше жағдайды жоюға жұмылдырылды: ТЖД-ның 26 қызметкері мен 5 техникасы, «ҚТЖ» АҚ-ның 12 қызметкері, 1 техникасы мен өрт сөндіру пойызы, Желілік полиция бөлімінің 20 қызметкері мен 1 техникасы, ҚР Қорғаныс министрлігі 44859 әскери бөлімінің 8 әскери қызметшісі мен 2 техникасы, Арыс аудандық санитарлық -эпидемиологиялық бақылау бөлімінен 3 қызметкер және 1 техника.