Қызылордада заңсыз ойын ұйымдастырғандар жауапқа тартылды

Қызылордада заңсыз ойын ұйымдастырушылар жауапқа тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Ақтөбе облысында дала өрті болып, 15 мың гектар жер күлге айналды.

Ал Шығыс Қазақстан облысында көпқабатты үйден секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған, мас адам құтқарылды. Осы және өзге де жаңалықтар жайында алдағы топтамада.

Қызылордада заңсыз ойын ұйымдастырғандарға сот үкім кесті. Облыстың үш тұрғыны ғимараттарды жалға алып, жымысқы әрекеттерін жүзеге асырып келген. Компьютерлерге интернет-казино құмар ойындарын іске қосқан. Сақталған бағдарламалар мен төлем жүйесіне сілтемелерді криминалист маманның компьютерлік-техникалық қорытындысы анықтады. Сот оларды кінәлі деп тауып, екеуіне бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын, ал біреуіне 583 400 теңге айыппұл жазасын тағайындады.

Айта кету керек, қылмыс орнынан алынған 38 компьютер процессоры, 41 монитор,  модем, теледидар, бейнетіркегіш және 248 000 теңге ақшалай қаражат мемлекет кірісіне алынды.

 

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ 15 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР КҮЛГЕ АЙНАЛДЫ

Ақтөбе облысында дала өрті үш тәулік дегенде әзер сөнді. Жалын Әйтеке би ауданының Қайрақты ауылдық округіне қарасты шабындықтар мен жайылымды жоқ қылған. Аумағы – шамамен 15 мың гектар. Тілсіз жауды тоқтатуға 72 адам мен 34 арнайы техника жұмылдырылған. Кәсіби құтқарушылармен қатар өртке қарсы ерікті құрылымдар да тартылды. Абырой болғанда, зардап шеккен жан жоқ. Қазір жекелеген жалын ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасуда.

Марғұлан Аманбаев, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

– Өрттің шығуына екі себеп деп отырмыз. Бірінші – адами фактор. Адамның темекі тұқылын тастау, т.б. және де сол күндері, өздеріңіз білесіздер, бізде дауылды ескерту жарияланды. Сол уақытта күн күркірейді. Дала өрті көбіне найзағай түсу арқылы болып отырады.

 

БИІКТЕН СЕКІРМЕК БОЛҒАН АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Шығыс Қазақстан облысында көпқабатты үйден секірмек болған адам құтқарылды. Оқиға Первомайка кентінде болған. Полицейлерге жергілікті тұрғын жолдасының өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы хабар берген. Жедел жеткен тәртіп сақшылары терезеге асылып тұрған жігітті көрді. Бірден сөзге тартып, келіссөз жүргізген. Пәтерге кіргізу үшін темекі сұрап жақындаған кезде ұстап, қауіпсіз жерге шығарған. Тексеру кезінде анықталғандай, 30 жастағы жігіт мас күйде болған. Ол әйелімен жанжалдасып, артынша өзіне қол жұмсамақ болған.

 

ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТ ТАБЫЛМАДЫ

«Бомба бар» деп қорқыту қылжақбастардың ермегіне айналды. Таразда белгісіз біреу ең ірі сауда орындарының бірінде «жарылғыш зат бар» деп қоңырау соғып, 326 адамды сыртқа шығуға мәжбүр етті. Қорқынышты хабардан жедел әрекет ету қызметтері оқиға орнына шұғыл жетіп, адамдардың бәрін қауіпсіз жерге шығарды. Сөйтіп өздері ғимараттың қуыс-қуысын тінтіді. Алайда жарылғыш зат табылмады. Ал үрейленген саудагерлер мен алыпсатарлар сағаттап күннің астында тұруға мәжбүр болды. Кейін бәрі тексеріліп, ақпараттың жалған екені анықталған соң, сауда орны қайта жұмысын жалғастырды. Қазір жұртты шошытқан қылжақбас іздестіріліп жатыр.

 

ТАПА-ТАЛ ТҮСТЕ ӘЙЕЛДІ ТОНАП КЕТТІ

Атырауда әйел адамды тапа-тал түсте тонап кетті. 26 жастағы жігіт оған күш көрсетіп, сөмкесін тартып алған. Анықталғандай, ішінде 60 мың теңге және ұялы телефон болған. Бастапқыда бұл екеуі вокзалдан Нұрсая ықшам ауданына дейін таксиді бірігіп жалдаған. Көлікте отырып сөмкеде ақша барын көрген күдікті әйелмен бірге түсіп, артынан ұрып-соғып, сөмкені алып қашып кеткен. Оның бұл әрекеті бейнабақылау камерасына түсіп қалды. Қазір ол ұсталып, қамауға алынды.