Оралда жолаушылар автобусы жаяу жүргіншіні қағып кетті

Оралда жолаушылар автобусы жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлады ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін шамамен сағат 09:00-де Жәңгір хан көшесі бойында болды.

Екінші бағытпен жүретін автобус жүргізушісі тұрған автобусты басып озамын деп 21 жастағы жігітті қағып кетті. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, алдын ала диагноз бойынша жас жігіт бас пен мидың жарақатын алып, миы шайқалған. Сондай-ақ сол жақ тобығы сынған. Ол облыстық ауруханаға жеткізілді.