Қарағанды облысында жол апатынан бір адам көз жұмды

Қарағанды облысында жол апатынан бір адам көз жұмып, тағы 4 жолаушы зардап шекті. Ал Алматыдағы медицина университетінің студенті жалған құжат сатып, қолға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Петропавлда тәртіп сақшылары бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктіні қолға түсірді. Қала тұрғыны полицияға хабарласып, күндіз сағат 3-тер шамасында белгісіз біреудің оның үйіне терезеден кіріп, төрт миллионға жуық теңгесін ұрлағаны жайлы айтқан. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында пәтер ұрлығына қатысы бар 49 жастағы күдікті анықталды. Ол бұған дейін де осындай қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет істі болған қала тұрғыны болып шықты. Ұрланған ақшаның бір бөлігі алынды. Қазір аталған дерек бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.

Таразда бірнеше адамды алдаған алаяқ қолға түсті. Қаладағы сауда үйінде орналасқан банктердің бірінде жұмыс істейтін несие кеңесшісінің кесірінен тұрғындар сан соғып қалған. Өз клиенттерінің сеніміне кіріп, ұялы телефон алып беремін деп алдаған алаяқ бірнеше рет қылмыстық құқық бұзушылық әрекетін жасаған. Белгілі болғандай, жалпы шығын көлемі 4 миллион теңгеден асады. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, алаяққа алданған басқа да тұрғындар анықталып жатыр.

 

ЖОЛ АПАТЫНАН БІР АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Қарағанды облысының Шет ауданында жол апаты болды. Бір адам көз жұмып, зардап шеккен 4 адам ауруханаға жеткізілді. Оқыс оқиға Алматы – Екатеринбург тас жолында болған. Алдын ала болжам бойынша, Hyundai Elantra автокөлігі жолда кетіп бара жатқан жүк көлігіне соқтығысқан. Салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі көз жұмды. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалған.

 

ЖАЯУ ЖҮРГІНШІНІ КӨЛІК ҚАҒЫП КЕТТІ

Ақтауда жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан қызды көлік қағып кетті. Оқиға 29 және 30 шағын аудандардың қиылысында болған. Тәртіп сақшылары күдіктінің BMW автокөлігінің жүргізушісі екенін анықтаған. Зардап шеккен тұрғын облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

 

ЖАЛҒАН ҚҰЖАТ ЖАРҒА ЖЫҚТЫ

Шығыс Қазақстан облысында жалған вакциналау паспортын сатқан ер адам ұсталды. 43 жастағы азамат екпе алудан бас тартқандарға жалған құжат жасағаны үшін 5 мың теңге алып отырған. Алаяқ жалған вакцина құжаттарын компьютерлік қосымшаның көмегімен жасаған. Күдіктінің бұрын ұрлық жасап сотталғаны белгілі болды.

Айта кетейік, бұған дейін Семей қаласында қос медицина қызметкерінің жалған құжат сатып қолға түскені анықталған еді.

Қайрат Әбдіғалиев, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының басшысы:

– Қазіргі уақытта күдіктінің үстінен ҚК 185 және 190-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Жалған екпе құжатын алу үшін оған жүгінген барлық азамат анықталып, жауап алынады.

 

ЖАЛҒАН ҚҰЖАТ САТҚАН СТУДЕНТ ҰСТАЛДЫ

Алматыда да жалған ПТР-тест нәтижесін сатқан медицина университетінің студенті ұсталды. Жедел-іздестіру шарасы кезінде 25 жастағы студент күдікке ілінген. Бірнеше күн бойы бақылаған тәртіп сақшылары оның 20 мың теңгеге жалған құжат сатқанын анықтады. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Тексеру кезінде қанша адамға жалған құжат сатқаны да белгілі болмақ.