Алматыда электрлі самокат жөндеушілерге сұраныс артып келеді

Қос дөңгелекті көлік құралын тізгіндеу бүгінде сәннен гөрі қажеттілікке айналды.

Алматыда электрлі самокат, велосипед, мопед сынды, қатынас құралдарын пайдаланушылардың саны жыл санап артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл біріншіден, арзан әрі жақын қашықтыққа жетудің жылдам түрі. Осыған орай самокаттарға техникалық қызмет көрсететін механик пен электриктерге де сұраныс ұлғайып отыр.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Ресейде жоғары білім алған Эджен Бексұлтанов екі жылдан бері заманауи көлік құралдарын жөндеумен айналысады. Нақтырақ айтсақ, электрлі самокат, мопед, велосипед сынды техникалардың шебері. Өзі жұмыс істейтін сервистік компания орта есеппен күніне 20-30 самокатқа техникалық қызмет көрсетеді. «Электрлі самокаттардың құрылымы автомобильге қарағанда қарапайым болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар», - дейді ол.

Эджен Бексұлтанов, самокат жөндеуші:

- Самокаттарды жөндеу кезінде логикалық жағынан ұшқыр болуың керек. Мысалы, дөңгелектің жұмыс істеуі, кабельдерге тоқтың берілу қуаты және жылдамдықты есептеу барлығын ескеру керек. Жөндеу кезіндегі қиын тұстардың бірі – қуатты бағыттаушы құрылғы. Самокаттың орталық басқарушы жүйесі сол. Бұлардың да құрылымы жылдан жылға күрделі болып барады.

Самокаттарға техникалық қызмет көрсетуші орталықтар жұмысқа қабылдау кезінде бірнеше талапты назарға алады екен. Біріншіден, техникалық сала бойынша жоғары білімі болғаны абзал. Одан кейін электронды құрылғылармен жұмыс істей алатын тәжірибесі ескеріледі.

Маргарита Файль, техникалық қызмет көрсету орталығының жетекшісі:

- Бізде жұмыс істейтін шеберлердің көбі техникалық университететтерде электронды техника саласы бойынша білім алғандар. Бұл жаңа сала болғандықтан өзге мамандармен жиі тәжірибе алмасып отырамыз. Өйткені электрлі самокаттардың құрылымы жыл сайын дамып жатыр. Тіптен жоғары білімі болмаса да, осы салаға қызығатын жастарды үйретіп, жұмысқа қабылдадық.

Сала мамандарының айтуынша, электрлі самокаттардың бағасы сапасына қарай 200 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін тұрады екен. Десе де, бұл ХХІ ғасырдағы ең арзан әрі тиімді көлік құралы. Алматыда самокаттарды жалға беру қызметі де дамып келеді. Тек жастар техниканы қолдану ережесімен қатар жол ережесін сақтай бермейді.

Ырысбек Асқаров, Шерингтік компанияның бас инженері:

- Ең бастысы, жол ережесін бұзбай, самокаттың жүре алмайтын жеріне кірмей, сулы асфальтпен көп жүрмеу. Өйткені екі дөңгелек болған соң өте қатты таяды ол. Соның кесірінен көп болып жатыр жол көлік оқиғалары.

Самокатқа көп қосалқы бөлшектің қажеті де жоқ. Алайда, мамандар әр 200 шақырым сайын техникалық тексеруден өтіп тұруға кеңес береді. Өйткені дөңгелек жарылып, тежегіштің істен шығуы мүмкін. Ал бұл адам өміріне қауіпті.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов, Нұрдәулет Жақсыбаев

 

Сондай-ақ...