Павлодарда телефоннан шыққан өрттен қыздың басын күйік шалды

Тілсіз жау жатын бөлмені толық шарпыған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, оқиға 19 тамыз күні сағат 10:20-да Нұркин көшесі, 116 мекенжайындағы 2 қабатты тұрғын үйде болған.

- Екінші қабаттағы пәтердің жатын бөлмесінде өрт шығып, үй заттары мен жиһаздар жанған. Жалын 20 шаршы метр аумақты шарпыды. Сағат 11:00-де өрт толығымен жойылды. Оқиға орнынан 2002 жылы туған қыз ауруханаға жеткізілді. Қыздың басын 30 процент күйік шалған, - деді қалалық ТЖ басқармасының басшысы м.а. Тілекжан Галямов.

Департаменттің хабарлауынша, өрттің шығуына электр құралдарын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу себеп болған.

- Зардап шеккен қыз ұйықтап қалған. Ұялы телефоны қуаттау көзіне қосылып, төсекте жатқан. Шыққан өрттен алдымен матрас жанған, - деді департаментте.

Оқиға орнына өрт сөндіруші жеке құрамның 16 адам мен 5 техникасы, медициналық көмектің 3 адам мен 1 техникасы жұмылдырылды.