Атырауда 12 пәтерлік тұрғын үй өртеніп кетті

Атырау қаласында 12 пәтерлік тұрғын үй өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өрт 22 тамызда сағат 05:18-де тұтанған.

«Жалынның салдарынан 1972 жылы салынған 12 пәтерлік бір қабатты тұрғын үй толық жанып кетті. Оқиға орнынан улы газбен уланған 1983 жылы туған әйел ауруханаға жеткізілді. Өрт сөндіруге 25 адам мен 6 техника жұмылдырылып, сағат 06:11-де оқшауланды. Жалын сағат 07:02-де толық сөндірілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Өртенген үйдегі 5 пәтердің 22 тұрғын (оның ішінде 9 бала) үшін «Жұлдыз» шағын ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйден уақытша баспана берілді. Ал, 19 адам (оның ішінде 8 бала) туыстарының үйіне орналастырылды.