ШҚО-да 7 жасар баланың денесі үш метр тереңдіктен табылды

Атырауда тілсіз жау салдарынан 12 отбасы баспанасыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24». Ал Шығыс Қазақстан облысында рұқсат етілмеген жерге шомылған 7 жасар бала суға кетіп көз жұмды.

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында ересектердің қарауынсыз қалған 7 жастағы бала суға батып кетті. 2014 жылы туған жеткіншек рұқсат етілмеген жерде суға түскен. Құтқарушылар баланың мәйітін тек 1 тәуліктен кейін 3 метрге жуық тереңдіктен тапты.

12 ПӘТЕРЛІ ҮЙ ӨРТЕНІП КЕТТІ

Ал  Атырауда 12 отбасы баспанасыз қалды. Тілсіз жау салдарынан 12 пәтерлі барак үлгісіндегі бір қабатты тұрғын үй толық өртеніп кеткен. Іргесі 1972 жылы салынған ескі там тұруға жарамсыз болып қалған. Оқиға орнында ыс тиген 1983 жылғы әйел ауруханаға жеткізілген. Құтқарушылар бас-аяғы 22 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Оның ішінде 9-ы бала. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде.

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ ОТҚА ОРАНДЫ

Петропавлда жедел жәрдем көлігі ағашқа соғылып, жүргізушісі жарақат алды. Оқыс оқиға таңғы сағат 04:30 шамасында болған. Жол-көлік оқиғасынан кейін арнайы көлік отқа оранған. «Газ» маркалы жедел жәрдем көлігін 1966 жылы туған ер адам басқарды. Медициналық куәландыру ер адамның спирттік ішімдік ішпегенін, яғни сау болғанын көрсетті. Қазір аталған азамат облыстық көпбейінді ауруханада жатыр.

ӨРТ 40 ГЕКТАР ЖЕРДІ ШАРПЫДЫ

Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Мариногорка ауылдық округінде 1 тәулікке жалғасқан орман өрті ырыққа көне бастады. Бұл туралы өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті мамандары хабарлап отыр. Тілсіз жау салдарынан 40 гектар дала өрті тіркелді, бірақ орман өртінің көлемі әлі анықталу үстінде. Ал қажетті техника мен құтқарушылар өрт толық ауыздықталғанша осында болады дейді департамент өкілдері.