Нұр-Сұлтанда тұрғын үйдің біріндегі лифтте дәрет сындырған адам қамауға алынды

Нұр-Сұлтандағы тұрғын үй кешендерінің біріндегі лифтте дәрет сындырған азамат қамауға алынды. Оның бұл әрекетіне шағымданған көршілері полиция шақырыпты. Ал бейнебақылаудан айғақ тапқан құқық қорғаушылар азаматты дереу тауып, 2 бап бойынша хаттама толтырған. Істі қарап шыққан сот азаматты әкімшілік құқық бұзғаны үшін қамауға алуды жөн көрген. Енді ол көргенсіздігі үшін кемі 2 апта абақтыда жататын болады.

Петропавлда үй-күйсіз жүрген 217 адам анықталып, уақытша бейімдеу орталығына жеткізілді

Петропавлда небәрі 3 күнде 217 үй-күйсіз жүрген азамат анықталып, уақытша бейімдеу орталығына жеткізілді. Ал жыл басынан бері олардың саны 800-ге жуықтаған.Олар осы уақытқа дейін үй ауласын, гараж маңы мен даланы мекен еткен. Тіпті арасында осы уақытқа дейін ұрлық жасады деп айыпталып, іздеуде болған екі азамат та табылыпты. Екеуі де қалалық ПБ тергеу тобына жіберілген.

Шөп тасып жүрген көлік отқа оранды

Семейде шөп тиеп келе жатқан «КамАЗ» көлігі электр желілерінің астынан өтіп бара жатқанда тоқ тұйықталып, салдарынан өрт шықты. 30 шаршы метрден асып жығылатын тілсіз жау аз уақытта техниканы да 10 тоннаға жуық шөпті де шарпып өткен. Осыған байланысты ТЖ мамандары сақтық шараларын барынша сақтауға кеңес береді.

ШҚО: өрт қауіпсіздігін сақтамаған 250 адамға айыппұл салынды

Аягөз ауданында 30-дан астам өрт сөндіруші әлі күнге тілсіз жаумен арпалысып жатыр. Тарбағатай маңында да қураған шөп қызыл жалынға оранған. Қазір өрттің нақты аумағы анықтылуда. Айта кету керек, өңірде көктемнің басынан бері 170 орман өрті болып, 200-ден астам дала өрті тіркелген. Өрт қауіпсіздігін бұзғаны үшін 250-ден астам адамға айыппұл салыныпты.