425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодарда мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаумен айналысқандар ұсталды

  • 208
  • UPD: 13:13, 27.08.2021
Павлодарда мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаумен айналысқандар ұсталды

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері жанар-жағармай материалдарын жымқырды деген күдікпен 2 адамды қолға түсірді. Олар Павлодар қаласының автожанармай құю станцияларына мұнай өнімдерін тасымалдаумен айналысатын Павлодар қаласының бір ұйымының қызметкерлері болып шықты. Күдіктілер алдын ала дайындалған сызба бойынша соның ішінде тасымалданатын отынды жеткізу және құюмен айналысқан, деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері. Қылмыс жасады деген күдікпен 50 және 47 жастағы екі павлодарлық азамат ұсталды. Олардан келтірілген шығын шамамен 17 миллион теңгені құрайды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жамбыл облысында ірі көлемде есірткі тасымалдаған азамат ұсталды 

Жамбыл облысына қарасты Шу қаласының маңында жедел іздестіру іс-шарасы аясында аса ірі көлемде есірткі саудасымен айналысқан 51 жастағы азамат ұсталды. Үйін тінту барысында 20 келіден астам марихуана мен 5 грамм гашиш тәркіленген. Күдікті өз қылмысын мойындап уақытша тергеу изоляторына жабылды. Енді ол 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алматы облысында адам тонамақ болғандар ұсталды 

Алматыда егде жастағы ер адамды тонап, қол сағаты мен 54 мың теңгесін қолды еткен екі бірдей азамат ұсталды. Олар ер адамның сау емес екенін көре тұра жымысқы әрекетін жүзеге асырмақ болған. Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері күдікті екі азаматты ұстаған, ал жәбірленуші болса оңдырмай сабаған екеуін жазбай таныпты. Оның бірі бұрын да қылмысы үшін шартты түрде босталыған екен. Енді екеуінің де ісі сотқа жолданбақ.

Қарағанды облысында дала өрті дес бермей тұр

Қарағанды облысының құтқарушылары бір тәулікте 43 рет құтқару жұмыстарына барды. Оның басым көбі ырыққа көнбей тұрған дала өрті. Тек Абай ауданына қарасты Ақбастау ауылында 700 гектар жерді дала өрті шарпып, бүгінде толық ауыздықталды. Оқиға орнын өрт қайта тұтанса әрекет ететін арнайы жасақ күзетуде.

Жеңіл көлік жүргізушісі пойызбен соқтығысып қалды

Алматы облысында Toyota Camry көлігін тізгіндеген жүргізуші теміржол өткелінде пойызбен соқтығысып қалды. Салдарынан жеңіл көліктегі жолаушы әйел адам ауруханаға түскен. Ал жүргізуші болса темір жолдан өтерде жол ашық, бағдаршамның түсі жасыл болып тұрған дейді. Қазір оқиғаның анық-қанығын полиция анықтауға кіріскен.

Атырауда 28 миллион теңгеге салынған ойын алаңы өртеніп кетті

Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты Жаңа Қаратон кентінде 2019 жылы салынған 1500 шаршы метр болатын балалар ойын алаңы өртеніп кетті. Біздің болжам бойынша ойын алаңын қасақана өртеген. Өйткені алаңның қасында тоқ та, өртенетін қоқыс жәшігі де жоқ. Құқық қорғау органдары тексеретін болады, дейді ауыл әкімі Сансызбай Баймұратов. Атап өткен жөн, ойын алаңын павлодарлық құрылыс компаниясы салған екен.

Хабар 24 телеарнасы