Тараздағы жарылыс: үш мәйіттің жеке бас мәліметтері анықталды

Жамбыл облысында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт болған жерден табылған 3 мәйіттің жеке бас мәліметтері анықталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Олар:

- 1-ші ҚӨСБ қызметкері-жүргізушісі аға сержант Ғафан Жомартұлы Қуатбек 1995 ж.т.,

- 4-ші ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы сержант Әділет Қанатбекұлы Әділбек 1987 ж.т.,

- 4-ші ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы қатардағы жауынгер Әліби Бексұлтанұлы Кеңес 1999 ж.т. Жамбыл облысы бойынша ТЖД-ның қызметкерлері.

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Қайғылы жағдайға байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 15 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз. 

Қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына бағышталып құранхатым оқылды.