Оңтүстікте жасырын той жасағандар анықталды

Елімізде эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, жасырын той жасайтындар азаймай тұр.

Мәселен Түркістан облысының Ордабасы ауданында мониторингтік топ өкілдері арнайы рейд барысында ереже бұзған мейрамхананы анықтады. Онда 70-тен астам адамға дастархан жайылған екен. Жауаптылардың араласуының арқасында «Құдалық» тоқтатылды. Полиция қызметкерлері той иесіне хаттама толтырып, жауапты мекемеге жолдады.

​ЛОМБАРД ТОНАҒАН КҮДІКТІЛЕР ҰСТАЛДЫ 

Алматы облысының тәртіп сақшылары ломбардты тонаған күдіктілерді ұстады. Пысықайлар 32 миллион теңгені қолды қылған. Арнайы операция барысында Алматы облысының 27 және 32 жастағы екі тумасы, сондай-ақ Алматы қаласының 52 жастағы тұрғыны қолға түсті. Олардан қолғап, шеге, алтын бұйымдар мен ақша тәркіленді. Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

КӨПҚАБАТТЫ ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҚТЫ 

Көкшетауда көпқабатты тұрғын үй өртенді. Пәтердің балконы, жатын бөлмесі және дәлізі жанып кетті. Қызыл жалын 30 шаршы метр аумақты шарпыған. Өртті сөндіруге 6 техникамен жеке құрамның 28 қызметкері жұмылдырылды. Құтқарушылар оқиға орнынан  25 адамды сыртқа шығарды. Бастысы зардап шеккендер жоқ.

БҰЗАҚЫЛАР ҰСТАЛДЫ 

Ал Талдықорғанда балалар ойын алаңқайында тұрған орындықты төңкеріп тастаған қыздар ұсталды. Олардың бұл бұзақылық әрекеті әлеуметтік желіде жұрттың наразылығын тудырды. Жедел іздестіру іс-шарасы кезінде 17, 15 және 14 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірімдер анықталып, полицияға жеткізілді. 17 жастағы қызға қатысты ҚР әкімшілік кодексінің 434-бабы,  яғни ұсақ бұзақылық жасағаны үшін  хаттама толтырылды. Барлық оқушы мектепте есепке қойылып, полицияның бақылауына алынды.