Ақтөбеде ғимараттың шатыры ойылып ортасына түсті

Ақтөбеде кәсіпкерлікті дамыту қорының ғимараты опырылып түскен. Ортасына құлаған шатырдың астынан құтқарушылар 5 адамды алып шықты.

Жарақат алған екі жан бірден ауруханаға жеткізілді.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, жарылыс немесе өрттің ізі жоқ. Апат алаңы 200 шаршы метрді құрады.

Мамандардың пайымынша, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан ғимараттың төбесі үстіне шығарылған құрылыс материалдарының салмағынан опырылып түсуі мүмкін. Нақты себебі мен шығын көлемін тергеу жұмыстары анықтайтын болады. Ал ауруханаға жеткізілген 33 жастағы әйелдің халін дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр.

Сәкен Қапанов, облыстық  жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

- Бір науқасқа травмпункттік көмек көрсетіліп, жарақаты жеңіл болғаннан кейін үйіне жіберілді. Екінші науқас жағдайы түскен кезде өте ауыр, ес-түсі жоқ. Сол реанимация бөлімінде қазір көмек көрсетіліп жатыр. Кеуде жарығы, бас жарығы, жағдайы өте ауыр.