Ақтөбеде микрокредиттік ұйым тоналды

Белгісіз біреу кеңсеге кіріп, адамдарды тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, 74 мың теңгені қолды қылып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол кінәсін толығымен мойындады. Бұл факті бойынша ҚР ҚК 191 бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша іс қозғалды.

Қару-жарақ арсеналы тәркіленді

Алматыда арнайы операция барысында полицейлер қару-жарақ арсеналын тәркіледі. Сақшылар Жандосов пен Яссауи көшелерінің қиылысында күдік тудырған 46 жастағы жүргізушіні тоқтатқан. Көлігін тексеру кезінде екі тапанша оқ-дәрісімен табылды. Сондай-ақ тұрғылықты жері Талғар ауданындағы құпия орыннан тағы алты қару, оның ішінде 12 калибрлі Винчестер, граната және 60 патрон табылды. Қазір олардың кімге тиесілі екендігін анықтау үшін сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Мұнымен қоса сезіктінің үйінен төрт бума ұнтақ зат табылды. Медициналық сараптама қорытындысы бойынша ұсталған азамат есірткіге мас болғанын белгілі болды. Қазір ол қамауда. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Заңсыз қару сақтаған

Ақтауда да заңсыз қару сақтаған азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның үйін тінту кезінде револьвер, патрон, екі пневматикалық тапанша және үш пышақ табылды. Түлкі бұланға салған азаатты арнайы рейд барысында қолға түсірді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұл ретте сақшылар тіркелмеген қаруды ерікті түрде ішкі істер органдарына тапсыру керек екендігін ескертеді.

Ауыр жүк көліктері соқтығысты

Нұр-Сұлтан қаласы маңында жантүршігерлік жол апаты болды. Айналма жолда «Самосвал» мен көмір тиеген «Зил» көлігі соқтығысып қалды. Алдын ала болжам бойынша «Ман» жүк көлігі Зилдың артына кіріп кеткен. Қатты соққыдан екі техниканың да кабиналарымен рамалары майысып қалды. Әзір зардап шеккендер жайлы нақты ақпар жоқ.

Есірткі сатушы ұсталды

Өскеменде жеңіл пайда табу үшін психотроптық заттарды сатып келген пысықай қолға түсті. 21 жастағы азамат есірткіні қаланың әр түкпіріне тығып, оңай олжаға кенеліп отырған. Полицейлер тінту кезінде ұсталған азаматтан оралған 40 түйіншек тауып алды. Оның синтетикалық есірткі екені расталды. Қазір сезікті үй қамауына алынды. Оған қатысты іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

92 түп қарасора тәркіленді

Ақтау қаласының тұрғынынан 92 түп қарасора өсімдігі тәркіленді. Жедел алдын алу іс-шарасының барысында 53 жастағы азаматтың тыйым салынған өсімдік бұл түрін өсірумен айналысатындығы белгілі болды. Оған қатысты ҚР ҚК 300-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Өңір полицейлері бұдан бөлек, тағы бір күдіктіні ұстады. Ал ол марихуана сатқан. Тінту кезінде сезіктіден 6 грамнан астам есірткі табылды. Пластикалық бөтелке, тапанша және оқ-дәрілер айғақты зат ретінде алынды. Өңір сақшылары арнайы шара барсында гашиш сатқан тағы бір азаматты қолға түсірді.