Қарағанды облысында киік атқан браконьер ұсталды

Қарағанды облысында браконьер ұсталды.

Екі киікті мотоциклге теңдей артқан 30 жастағы ер адам Жаңаарқа ауданына қарасты Ералиев ауылының маңында қолға түскен. Тексеріс барысында мотоциклдің қорабынан киікпен қоса оқдәрі мен қару да табылды. Аңшы мылтығы тіркелмеген болып шықты.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ПД Баспасөз қызметінің жетекшісі: 

- Полиция қызметкерлері мен учаске жедел алдын алу шарасы кезінде 30 жастағы азаматтың басқаруындағы ИЖ мотоцикл көлігі тоқтатылды. Көлікке жүргізілген тексеру барысында оның ішінен екі киіктің өлексесі және тіркелмеген қару тәркіленді. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.   

Жалпы Бетпақдалаға ұласып жатқан Жаңаарқа өңірі – киіктің ежелгі мекені. Үкімет сайын даланың еркесін барынша қорғаштап, браконьерлерге қарсы заңды күшейткенімен қылмыс тоқтар емес. Бір қуанаралық жайт, кезінде 20 мыңдай ғана қалған ақбөкендер қазір көбейіп келеді. Биылғы санақта елде 800 мыңнан аса киік бары анықталды.