Өскеменде денесін күйік шалған әйел жансақтау бөліміне жатқызылды

Өскемен қаласында өрттен денесін күйік шалған әйел жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 тамызда түнгі сағат 03:00 шамасында Өскемендегі Петропавл көшесінде орналасқан жер үйден өрт шыққан. Оқиға орнына құтқарушылар келіп жеткенде қызыл жалын үйдің шатырын шарпып жатты. 3 адам өз беттерімен сыртқа шығып үлгірген.

«Тілсіз жаудың жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрады. Өртті ауыздықтауға жеке құрамнан 18 адам мен 5 техника жұмылдырылды. Үй иесінің денесін күйік шалған. Қазіргі уақытта әйел аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды», - делінген ақпаратта.

Алдын ала мәлімет бойынша оттың шығуына электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау себеп болуы мүмкін.