425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Даңғой жүргізушілердің кесірінен жол апаты болды

  • 219
  • UPD: 08:53, 07.09.2021

Алматыда үш автокөлік соқтығысты.

Кроссовер жүргізушісінің айтуынша, оның ізімен жоғары жылдамдықта екі көлік жүйткіп келе жатқан. Ол тоқтауға ұмтылғанда темір тұлпардың бірі тежегішті басуға үлгермей, қарсы жолаққа шығып кеткен. Бірақ машина сонда да кроссоверді жанап өтіп, салдарынан ол бүйір тұсымен аударылған. Ал жеңіл көлік қарсы бағыттағы минивэнді соққан. Жол апатында кроссовер мен жеңіл көліктің жүргізушілері және минивэннің жолаушысы дене жарақатын алды.

ЕСІРТКІ САҚТАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

Есірткі сақтады оны өткізді деген күдікпен Көкшетау қаласының екі тұрғыны ұсталды. Жедел ақпаратқа сәйкес полицейлердің назарына ірі мөлшерде гашиштің заңсыз айналымына қатысы бар 44 және 45 жастағы ер кісілер түскен. Бірінші күдікті 10 грамнан астам улы затты заңсыз сатқаны үшін құрықталды. Сонымен қатар одан гашишке ұқсас тағы бар түйіншек табылған. Ал 45 жастағы екінші күдіктінің гаражынан 594 грамм есірткі сақталған 100-ден астам полиэтилен түйіншегі тәркіленді. Енді қылмыскерлер 7 және 10 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

АСТЫҚ ҰРЛЫҒЫНЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ

Петропавлдық полицейлер 1,5 миллион теңгеге бағаланған астықтың ұрлығына жол бермеді. Тәртіп сақшылары шаруа қожалығының қырманында жарығы өшірілген «КамАЗ» көлігін байқаған. Екі комбайн жедел уәкілдердің көзінше бункерлерінен кезекпен астық төккен. Жүк көлігінің жүргізушісі мен екі комбайншы сол жерде ұсталды. Полицейлерден қашып үлгерген шебер-реттеуші мен жүк көліктің иесі келесі күні қолға түскен. Өлшеу кезінде «КамАЗдың» шанағында 10 тоннадан астам астық болған. Ұрлық жасаған үш жұмысшы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Азамат Құсайынов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Облыс аумағының әр аудандық полиция бөлімшелерінде арнайы топ құрылды. Арнайы топқа өте тәжірибелі учаскелік инпекторлар, жедел уәкілдер және патрульдік полиция қызметкерлері қызмет атқарады. Олардың басты мақсаты – егіс науқаны кезеңінде астықтың, жанар-жағармай материалдарының, ауыл шаруашылық техникасының қосалқы бөлшектері ұрлығына жол бермеу.

ЖАРЫЛЫСТЫҢ АЛДЫН АЛДЫ

Балалардың тентектігінен баспана өртеніп кетті. Оқыс оқиға Өскемен қаласында болды. Ағаштан жасалған шатыр, қоршаулар, құрылыс материалдары жанып кеткен. Өртті сөндіру кезінде құтқарушылар жарылысты болдырмады. Олардың күшімен үйдегі екі газ баллоны сыртқа шығарылды. Өрт сөндірушілердің болжамынша тілсіз жауға балалардың отпен ойнауы себеп.

МЕЙРАМХАНА ӨРТЕНДІ

Алматы маңындағы ірі мейрамханалардың бірі қызыл жалынға оранды. Қырғауылды ауылында орналасқан көңіл көтеру орнынан өрт шыққаны туралы хабарлама облыстық төтенше жағдай департаментіне кешкісін жеткен. Мамандар қызыл жалынды бір жарым сағаттан астам уақыт ішінде әзер сөндірді. Өрт 500 шаршы метрдей аумақты шарпыған. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.

ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТ ТАБЫЛҒАН ЖОҚ

Ақтөбенің мектеп-гимназиясынан жарылғыш зат табылған жоқ. Саперлер білім ошағын түгел тінтіп шықты. Бұған дейін белгісіз біреу полиция департаментіне бомба қойылғаны туралы анонимді хабарлама жіберген. Тәртіп сақшылары жасырын хабарламаның авторын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр. Естеріңізге сала кетейік қыркүйек айынан бері облыс орталығында жарылғыш зат қойылғаны туралы бұл осымен үшінші хабарлама.

Хабар 24 телеарнасы