Оралдық полицейлер есірткіге масайған көлік жүргізушісін ұстады

Ол психотроптық заттарды пайдалануға арналған медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен бірге құжаттарды тексеру барысында аталған темір тұлпарға жалған мемлекеттік нөмір тағылғаны белгілі болды. Осыған байланысты жүргізушінің үстінен әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің үш бабы бойынша іс қозғалды.

Саяжай тонағандар ұсталды

Өскемен саяжайларында ұрлық жасағандар заң алдында жауап береді. Әбден еркінсінген ұрылар үй-жайларға есік-терезені бұзып кіріп, қара және түсті металдарды олжа көрген. Кейін үптеп кеткен заттарды сатқан. Қазір 31 және 34 жастағы қала тұрғындары қамауға алынды. Олардың осыған ұқсас онға жуық қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Зейнеткер алаяққа алданды 

Семейде 73 жастағы қария танысының өз атына несие алғанына шағымданған. Зейнеткердің айтуынша, телефонмен әңгімеге тартқан алаяқ оның жеке деректерін анықтаған. Сөйтіп, оны алдап, 1 млн 300 мың теңгеге несие рәсімдеген. Ауыр қылмысты ашуға қалалық криминалдық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру барысында 48 жастағы тұрғын ұсталды.

Таныспақ болып, ұялы телефонын тартып алды

Петропавлда түн ортасында дәмханадан шыққан масаң күйдегі жігіт көшеде кетіп бара жатқан қызды дүкенге дейін шығарып салып, қалтасындағы смартфонын жұлып алған. Оның бұл әрекетін полицейлер бейнебақылау камералары арқылы байқап, келесі күні қолға түсірді. Ол бұрын бұзақылық үшін сотталған 25 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Аталған іс сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, тергеу шаралары басталды.