«Бұғылардың мүйізі талапқа сай кесілген». Хайуанаттар бағының қызметкерлері түсініктеме берді

Қарағанды қаласындағы хайуанаттар бағының қызметкерлері қансырап жатқан кербұғы мен маралдарға қатысты түсінік берді.

Мамандар жабайы хайуандардың мүйізі осы уақытта, яғни  күйлеп жүрген кезінде міндетті түрде кесіп алынуы тиіс дейді.

Әлеуметтік желі пайдаланушыларын кеше кешкісін мына кадрлар шошытқан. Онда түз тағылары өлімші күйде жатқандай көрінген. Бүгін тілшілерді шақырып, түсінік берген мамандар бұл қалыпты жағдай деп отыр. Себебі дала жануарларының мүйізі табиғи түрде түсу үшін бір-бірімен сүзісетін көрінеді. Осы кезде бір-біріне жарақат салатын кездері де кездескен. Тіпті зообақ қызметкерлеріне де шауып, қауіп төндіреді екен. Сондықтан бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады дейді мамандар. Кесіліп алған қураған мүйіздер болса қоймада сақталған, оларда ешқандай құн болмайтын көрінеді. Көктемде хайуандардың жаңа мүйізі өсіп шығады дейді мамандар.

Ербол Байжанов, Хайуанаттар бағының ғылыми қызметкері:

– Қыркүйек айында бастаған еуропалық кербұғылар, теңбіл бұғы, Алтай маралын біз әр жұма сайын мүйізін кесеміз. Өзіміздің ветеринар дәрігер дәрі беріп ұйықтатады. Себебі олар жабайы аң, қашады, бір жерін ауыртып алмас үшін ұйықтатып барып, сосын мүйізін кеседі. Кейін 1,2 сағаттан кейін тұрып кетеді. Бұл ешқандайда сондай бір үлкен мәселе емес.