Із-түзсіз жоғалған 19 жастағы қостанайлық бойжеткеннің денесі табылды

25 тамыз күні жұмысқа кеткен Евгения Казачук із-түзсіз жоғалған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысының полициясы ҚР ҚК 99-бабы «Өлтіру» бойынша соталды тергеуді бастады.

«Бойжеткеннің денесін полицейлер оның жұмыс орнынан 150 метр жердегі орман алқабынан тапты. Қазіргі кезде сот-медициналық сараптама тағайындалды, сол арқылы өлімнің себебі анықталады», – деп мәлімдеді полициядан.

Бұған дейін хабарланғандай, 19 жастағы бойжеткен 25 тамыз күні Қостанай облысының Денисов ауданы Переписки ауылында жоғалып кеткен. Ол жол жиегіндегі кафеде аспаз болып жұмыс істеген. Евгения Казачукты іздеу жұмысына еріктілер жұмылдырылған болатын.