Елімізде есірткі саудалайтын 810 сайт бұғатталды – ҚР ІІМ

Биыл полиция қызметкерлері есірткі саудалайтын 810 интернет порталдың жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов хабарлады.

Оның айтуынша, мұндай сайттар есірткі сатуды әлдеқайда жеңілдетті. Соңғы бір жылда тексерістер нәтижесінде 12 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. Олардың басым бөлігі марихуана, героин мен синтетикалық заттар. 11 есірткі лабораториясы жабылды. Тәртіп сақшылары есірткі заттарының заңды айналымын да тексерді. Мәселен дәріханаларда мұндай заттарды рецептсіз сатып жатқандар да аз емес болып шықты. Барлығы 18 қылмыстық бұзушылық анықталған.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:

– Бақылауға алынған заттар айналымында 93 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Олардың 28-і техникалық талаптарға байланысты, қалғаны лицензия нормаларын бұзған. Есірткі препараттары 57 рет рецептіз сатылған. Барлығы 343 ампула, 1000 дәрі және 1200 психотропты зат тәркіледік.