Оқиғалар хроникасы. 15 қыркүйек

Солтүстік Қазақстан облысында 12 жастағы велосипедші қызды КамАЗ қағып қайтыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жол-көлік оқиғасы Қызылжар ауданы Петропавл – Жезқазған тас жолының 953-шақырымында болған. Оқиға болған жерді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы тексеріп жатыр. КамАЗ облыс орталығына қарай бет алған. Осы тұста сол бағыт бойынша бір топ велосипедші де шыққан. Ал КамАЗ соғып қайтыс болған қыз әуежай жақтан шыққан. Сол кезде жолдағы жүк көлігі қағып кеткен.

ӨскеменСемей тас жолында күнбағыс майын тиеген жүк көлігі өртенді.

Шығыс Қазақстандағы Өскемен – Семей тас жолында күнбағыс майын тиген жүк көлігі өртенді. Өрт сөндірушілер жеткенше бірнеше минуттың ішінде майдың бір бөлігі жанып кетті. Ал өрттің жалпы аумағы 30 шаршы метрді шарпыған. Құтқарушылардың алдын ала болжамы бойынша автомобиль техникалық қауіпсіздік ережесін сақтамаған.Тек жүргізішісі дер кезінде көліктен шығып үлгерген. Оқыс оқиғаға қатысты тергеу басталды.

Теміртауда көп қабатты үйден өрт шықты

Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің балконы өртенді. Өрт сөндірушілер келгенде 8 шаршы метр жер жанып кеткен. Ал балкон ағашпен қапталыпты. Жалынды басу кезінде көп қабатты үйден 8 тұрғынды далаға шығаруға тура келді. Ең бастысы өрттен ешкім зардап шеккен жоқ.

Атырауда психотроптық дәрілерді заңсыз сатқан азамат ұсталды

Атырауда психотроптық заттар саудалған бір тұрғын ұсталды. Кәсіпкер азамат еркін саудада тыйым салынған дәрі-дәрмектердің 50 данасын сатпақ болған. Заңсыз әрекеті үшін ол енді жауапкершілікке тартылып, 1 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін.