Солтүстік Қазақстанда елік атқандар ұсталды

Солтүстіктегі Қызылжар ауданында елік атқан үш адам ұсталды.

Олар осы аудандағы қорыққа заңсыз кірген. Браконьерлер атқан мылтықтың даусын қорықшылар естіп қалады. Жан-жаққа бөлініп бірден шолуға шығады. Тоғайдың арасынан елікті сойып мүшелеп жатқан үш адамның үстінен түседі. Ал тағы бір еліктің еті автокөліктің жүксалғышынан шығады. Қорықшылар хаттама толтырса, полиция қызметкрелері браконерлік бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу-тексеру басталды. Қарулары да тәркіленді. Ұсталған үш азаматтың екеуі Петропавл қаласының енді бірі Мамлют ауданының тұрғыны екен.

ПӘТЕР ТОНАУМЕН АЙНАЛЫСҚАН ҰРЫ ҰСТАЛДЫ

Түркістан қаласының полицейлері 10-нан аса пәтер тонаған ұрыны ұстады. Күдікті қаладағы үйлердің біріне терезеден түсіп ақша мен автокөлік доңғалақтарын және қаржы сақтайтын сандықшаны ұрлап кеткен. Пәтер иесіне 700 000 теңгеге жуық шығын келтірген. Ұрылықты ашу үшін полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Көп ұзамай күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстайды. Тергеу барысында күдіктінің осындай 10-нан астам пәтер ұрлығын жасап, жәбірленушілерге 4 миллион теңге сомасында шығын келтіргені анықталды. Қолды болған заттардың барлығы айғақты зат ретінде тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.

ЖОЛ АПАТЫНАН БІР АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Қостанай облысында жүк көлігі мен жеңіл автокөлік бетпе-бет соғысты. Жеңіл көлікте болған үш жолаушы ауыр жарқат алып аурухаға түссе, жүргізушісі сол жерде көз жұмды. Жол апаты «Әулиекөл-Сұраған» тас жолының 183 шақырымында болған. Жедел тергеудің қорытындысы бойынша жеңіл көлік қарсы бағытқа шыққан. Сол кезде жүк көлігіне соғылған.

ҚЫСҚА ЖИНАҒАН ШӨП ӨРТЕНІП КЕТТІ

Шығыстағы Бородулиха ауданында жинап қойған шөп өртенді. Ол сол аудандағы бір шаруашылықтың қысқа мал азығы ретінде жинаған шөбі екен. Өрт сөндірушілер келгенге дейін шаруашылық иесі жалынды өзі басуға әрекет еткен. Алайда жел үрлеп жалын лезде өршіген. Дегенмен өрт сөндірушілер өртті сөндіріп үлгерді.