Риддерде саяжайдан өрт шықты

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында саяжайда шыққан өрт гараж бен моншаға жайылып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 19 қыркүйекте Риддердегі «Қазақстан» бау-бақша қоғамдастығында орналасқан саяжай отқа оранған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер дереу келіп жетті. Сол кезде тілсіз жау саяжайдан гараж бен моншаға тарап кеткен.

«Үйден шыққан қызыл жалын басқа ғимараттарға тез тарады. Өйткені олар бір шатырдың астында болған. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 14 адам мен 3 автоцистерна жұмылдырылды. Көп ұзамай жалпы ауданы 114 шаршы метрді құраған жалын толықтай сөндірілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі мәлімет бойынша өрттің шығу себебі ретінде электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамалмаған деген болжам айтылды.